Әңгіме. Өмірдегі маңызды қарым-қатынас
Әңгіме. Өмірдегі маңызды қарым-қатынас

Бөлменің іші қап-қараңғы. Мүлгіген тыныштық. Жазира арасында ауыр күрсініп қояды. Еңсесін басқан ауыр ойдан арыла алмай жүргеніне қаншама күн. Осы түнгі тыныштық оның мазасын алады. Ескі жараның аузы тырналып, есіне сол күнгі оқиға түсе береді. Сол жақ қырымен жатты. Жүрегінің дүрсілі кеудесін жарып шығардай дүрсілдейді кеп… Терезенің жапқышы дұрыс жабылмай қалған екен. Қараңғы түнге көз салды. Ай да, жұлдыз да көрінбейді. “Аспан бұлттанып тұр-ау, шамасы” деп ойлады Жазира. Бұл түн оның еңсесін одан бетер баса берді…  Оң қырына ауысты. Жанында пысылдап ұйықтап жатқан екі құлынына көзі түсті. Мейірлене қарады да, олардың маңдайынан құшырланып иіскеді. Күйеуімен бір жастықта бас түйістірмегеніне осымен он төртінші күн. Қалың ойдың құшағына енген Жазира сол ойлардан шыға алмай ұйықтап кетті.

Жандос шырылдаған телефонының даусына ояна сала, ас үйге қарай беттеді. Кенет әйелі жатқан бөлмеден әйелінің намаз оқып отырғанын көрді. Оған таңдана қараған Жандос бөлменің есігіне қарай жақындады. Әйелі алақанын жайып, ұзақ дұға етті. Әйелінің соңғы рет намаз оқығаны есінде де қалмап еді. Ас үйге келсе, таңғы асы да дайын тұр. Күнде өзі дайындап ішкенге үйреніп қалған Жандосқа бұл жағдай таңсық көрінді. Таңғы асын ішіп бола бергенде, Жазира бөлмесінен шығып келе жатып:

-       Қайырлы таң! Күнің сәтті өтсін! - деді.

-       Қа...йыр...лы…. - Жандостың аузына одан әрі сөз түспеді. Әйелінің жүзіндегі бір нұр оның бойына бір жылылық дарытқандай болды.

Жандос жұмысқа бармақ болып, бөлмесіне кіріп, киініп шықты. Дастархан басында әйеленің бір кітапқа үңіліп, күліп, мәз боп отырғанын байқады. Есікті жартылай ашқан күйі ол бұл көрініске таңданып тұрып қалды. Өйткені әйелінің осынша жайбарақат, мәз-мейрам боп отырған жүзін көрмегеніне де біраз болып еді. Үйден шықты. Жол бойы әлгі көрініс оның көз алдынан кетпеді.

Жандос пен Жазира бір-бірін ұнатып қосылған еді. Екеуінің екі баласы бар. Жақсы жұмыс орны, өздерінің баспанасы да жоқ емес. Бір күні Жазира Жандостың өзін алдап, бар тапқан табысын жолдастарымен кафе аралауға, әйелдермен қыдыруға құртып жүргенін біліп қойды.  Содан бері бұл шаңырақтың берекесі кетті.

Жандос кешке жұмыстан оралғанда,  Жазира ыңылдап әндетіп, тамақ пісіріп жүр еді. Бүгінгі кешкі ас та ерекше дәмді болды. Дастархан басында жадыраған жарқын жүзбен балаларымен әңгімелесе отырып, тамақтандырды да, ұйықтатуға кірісті. Балалары мен әйелінің өзінсіз бақытты бола  алатынына көзі жеткен Жандос іштей бір қынжылды. Бұл жағдайдың бәрі оған қатты әсер етті. Балалары ұйықтағаннан кейін Жандос әйелінің жанына барып:

-       Сенде бәрі жақсы ма? - деп сұрады әңгімені неден бастарын білмей.

-       Жақсыдан да керемет!

-       Сен маған ренжулі едің ғой?

Жазира орнынан тұрып, ас үйге қарай беттеді. Жандос та артынан ілесе келді. Дастарханды жинауға кірісті де:

-       Мен ұзақ ойландым… Менің өмірімдегі маңызды қарым-қатынас қандай? Сенімен қарым-қатынасым ба, жоқ әлде Алламен қарым-қатынасым ба? - Жазира күйеуінің бетіне сұраулы бір көзбен қарады.

-       Мен сенімен қарым-қатынасты басты орынға қойып, оны бәрінен маңызды көріппін. Мен саған қатты сенім артыппын. Сені қатты жақсы көрдім. Сен мен үшін бәрінен артық болдың. Бірақ мені сенен де артық жақсы көретін Құдайым барын есімнен шығарыппын. Иә, мен саған тұрмысқа шыққан күні өзімді бақытты сезіндім. Сенің жолыңда көп нәрсені құрбан еттім. Сен үшін, отбасымыз үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Тіпті өзім жемесем де, ыдыста қалған соңғы тілім етті де саған салып бердім. Ақшамыз жоқ, қиналған күндері “тойып тұрмын” деп, бар асты сенің алдыңа тостым. Сенің разылығың үшін, сенің махаббатыңа бөлену үшін мен барымды салдым. Алайда сен мені қатты ренжіттің. Ал Алла Тағала мені олай ренжітпейді. Саған деген махаббат мені соқыр етіпті. Мен сенен гөрі Алламен қарым-қатынасым маңызды екенін осы күнге дейін ұқпаппын. Алла маған ғұмыр берді. Мен сол ғұмырымды сенің қателіктерің үшін өксікпен өткізгім келмейді….  - Жазира өткен күнді есіне алғанда, жүрегі одан бетер езіле түсті.  Қанша өзін мықты етіп көрсеткісі келсе де, көзінен бір моншақ жас ыршып түсті. Ал Жандоста үн жоқ. Біраз үнсіздіктен соң:

-       Сен менің көңілімді қалдырған кезде, мені ренжіткен кезде, мен өмірінде Алласы жоқ адам секілді әрекет етіппін. Мен ашуландым. Сенен өш алғым келді. Жұмысым да келеңсіздіктер орын ала бастады. Балаларыма да көңіл бөлмей кеттім. Сенің күнә жасағаныңа ерегесіп, өзімнің де қателік жасап жүргенімді білмеппін. Менің өмірім күннен-күнге құрдымға кетіп бара жатқанын сездім…. - ауыр бір күрсінді де, бөлмесіне барды.

-       Иә, сен менің күйеуімсің. Сен менің көңілімді қалдырсаң да, ренжітсең де, осы үйге басқа әйелді әкелсең де, менің өмірімдегі бақытты сәттер ешқашан таусылып қалмайды. Өйткені Алла тағала жаратқан ғұмырымды басқаның талқандауына жол бермеймін. Егер осы шаңыраққа басқа әйелді әкеліп, онымен бақытты ғұмыр кешкің келсе, мен таң атқан соң өз еркіммен бұл үйді босатайын, - деп киімдерін жинастыра  бастады.

-       Мен сенімен қарым-қатынасымды үзсем де, ешқашан Алламен қарым-қатынасымды үзбеймін. Мен Аллаға үміт артамын және сенемін. Ол мені далаға қалдырмайды…- соңғы сөздері дірілдеп шықты. Жандос айтарға сөз таба алмай, мелшиіп бір орында тұрып қалды.

Жандос бұл түн ұйықтай алмады. Әрі аунақшып, бері аунақшып, жата алмады. Әйелінің даусы құлағынан кетпей қойды. Жазираның сөзін бұған дейін онша құлағына да ілмейтін. Өзінің әрекеттерінің дұрыс еместігін ұғынды. Таңертең тұра салып, Жазираның жанына барып:

-       Мен де сен секілді барлық күнімнің қуанышқа толы болғанын қалаймын. Бірақ мен қате жолды таңдаппын. Енді мен де Алламен қарым-қатынасымды жақсартқым келеді. Алланың разылығын алуға бірге ұмтылайық. Сөйтіп, шаңырағымызды шаттыққа бөлеп, иманды отбасылардың қатарынан болайық... - деп Жандос әйелін құшақтап алды.... 

МейірмангүлМейірмангүл
8 лет назад 9165
1 комментарий
О блоге
0
1405 10 15 29 5