Қазіргі кезде ақшаның соңынан қуып, күні-түні жұмыс істейтін жандардың өзінің жақын адамдарына уақыт бөлуіне мұршасы болмай жатады.
Отағасы шаршап кешке жұмыстан келгенде баласы алдынан қуана жүгіріп шығып:
- Әке! Әке! Әйтеуір келдің-ау! - қуаныштан көзі бал-бұл жанған баласы әкесінің мойнына асыла кетті. Бірақ әкесінің шаршағаны соншалық - баласын құшақтауға әл-дәрмені болмады.
- Әке, қарашы, кеш болды, түн болды. Мен сені сонша күттім ғой! Сенен бір нәрсе сұрайын деген едім....
- Сұрай ғой... - әкесі құлықсыз жауап берді.
- Менің сұрайын дегенім, саған жұмысың әр сағатыңа қанша төлейді?
Кіп-кішкентай баласының осындай сұрақ қойып тұрғаны әкесіне онша ұнай қоймады.
- Балам, оны неге сұрадың? Ол менің жеке жұмысым, мен неге оны саған айтуым керек?
- Әке, осыны сұрау үшін ұйықтамай сені күттім ғой. Сағатына қанша табасың? - баласының үні жалынышты, аянышты шықты. Көздері мөлдірей, әкесіне жаутаңдап қарады.
- 500... - сонда да әкесі сөзінің соңын жеп қалды. - Ал енді бар бөлмеңе, ұйықта!
- Әке... - домаланған көздерімен жәутеңдеп қараған баласы әкесі дүрсе қоя бере ме деп қорқақшықтай сөзін жалғады: - Әке, маған 300 теңге бере тұршы, өтінемін.
Әлгіндей сұрақтан кейін ақша сұрағаны әкесінің ашуына тиді ме, баласына айқайлады да, бөлмесіне қуып жіберді.
Біраз уақыт өткеннен кейін әкесі ойланып: "Мен біраз уақытымды жұмысымда өткіземін, табыс табамын, балам менен бірінші рет ақша сұрап тұр, мүмкін оған шынымен де ақша керек болғаны шығар..." Шыдай алмай баласының бөлмесіне кеп:
- Кешір, ұлым, саған шынымен де ақша керек болған шығар, міне, ала ғой, мынау 300 теңге.
- Әкетай, рахмет! - мәз болған бала әкесінен ақшаны алды да, жастығының астына салды. Сол кезде жастықтың астында бірнеше уақ ақшаның жатқанын әкесі байқап қалды.
- Бұның не, сенде ақша бар ғой? Неге онда менен сұрадың?
Баласы жастықтың астынан барлық ақшаны алып, санап шықты да:
- Әке, сенен ақшам жетпегендіктен сұрадым. Енді, міне, мынау 500 теңге. Сенің уақытыңның бір сағатын сатып алсам бола ма? Ертең ерте келші, кешкі асымызды бірге ішейік.
****
Есіңізде болсын! Сіздің балаларыңыз бен жақындарыңызға сіздің махаббатыңыздан артық байлық жоқ. Дүниенің соңында жүріп, өмірдегі ең маңызды нәрсені ұмытып кетпейік...
Әңгіме vk.com әлеуметтік желісінен алынып, аударылды.